Әдебиет • 17 Қыркүйек, 2018

 «...көп жыл өтті. Алматымды қайтып бер!» атты кітап жарық көрді

384 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өмірге   «...көп жыл өтті. Алматымды қайтып бер!» атты кітап келді, Алматыдағы «АВ Diamond Print» баспасынан жарық көрді. Бүгінгі қазақ поэзиясының белді өкілдерінің біріне айналған, халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, курстасымыз Ертай Ашықбаевтың қаламұшты үшкірлеп ұстаған суретші графикасындай, әр сөзді тастай қашап түсіріп, қалыпты ой айтып тұратын өлеңінен оймақтай ойып алып, ат қойған кітап жастықтың дастанындай әсерге бөлейді. 

 «...көп жыл өтті. Алматымды қайтып бер!» атты кітап жарық көрді

Өткен ғасырда еліміздің астанасы болған ірі экономикалық, мәдени орталық Алматы шаһарын ауылдағы әр жас қиялындағы аққулы көлдей  аңсап, оған жеткенше асығатын. 1978 жылы ауылдан білім қуған елу жас  Қазақ мемлекеттік университеті Журналистика факультетінің студенті атанды. Жоғары және арнаулы орта білім ордалары шоғырланған Алматы қаласы мен суденттік кез әркім үшін жастық шағының баламасына айналды. Жалпы ХХ ғасыр қазақ үшін әр пенденің басынан өтетін, өмірінің базарлы кезеңі – жастық дәуреннің жүйрік ат мініп, қыран бүркіт ұстаған сері жігіт пен үкілі қыздың ажары мен қылығы көз алдыңа келе қалатын қалыптасқан мағынасын студенттік шақ ұғымымен байыта, кеңейте түскендей еді. Білім алуға, «талаптың тұлпарын мініп», найзағайдай жарқылдауға, өмірде сұлулықты, достықты, махаббатты тұщынуға да мүмкіндік жасаған тұтам ғана 4-5 жыл тау бұлағындай тазалығымен, аңғалдыққа толы қызығымен де байлықтың аралындай болатын.

«Ол күндер сүйсек құлай сүйетін, сеніссек қалтқысыз сенісетін, достарымыздың қателігін кешсек те, сатқындығын кешпейтін ерекше уақыт еді. Себебі жас едік, жастық шақта достық сезімі бәрінен де жоғары қойылады. Себебі бәріміз де тең едік. Бауыржан Омарұлы жазғандай, «абырой-беделдеріміз біркелкі, мәртебеміз бірдей» еді. «Аман жүрсе кейінгі кіл мықтылар, мол табысқа толады уыстары. Әзірше қарапайым тірлік қылар, Әзірше туыс бәрі» деп Ертай ақын Ашықбаев меңзеген әлеуметтік тепе-теңдік көздің қарашығындай күзетілетін» деп жазады  кітапта курстасымыз, белгілі тарихшы ғалым Мақсат Тәж-Мұрат. Журналистика факультетін 1983 жылы бітірген, арманы мен таудай талабы кейінгі ғұмырына күміс тіндей тартылған түлектер естеліктері мен мақалаларына осылай достықты, тазалықты арқау етеді. Бәрі де жастық шаққа деген сағынышымен қатар, өмірдегі қол жеткен жетістігі мен шыққан биігін адал, риясыз достықты, аппақ сезімді бастан кешірткен жастықтың сыйы деп біледі.

 «...көп жыл өтті. Алматымды қайтып бер!» кітабын бір курстың «өзі үшін» шығарған дүниесі деуге қиналасың. Кітап қай заманда да тапшылығы айтыла жүретін адалдық, тазалық, достық туралы ой салуға тырысады. Бұл фәниден ерте кетіп, әр кустастың көңілінде жас бейне күйінде қалып қойған 13 кустас пен ұстаздарға деген иманға, құрметке толы сағынышты жолдар да толқытары рас. Басқасын былай қойғанда, Мақсат Тәж-Мұраттың «Дос керек» деген мақаласындағы достық туралы толғанысынан бүгінгі оқырманның алар ғибраты аз болмас еді. Бір қызығы, кітапта достық туралы айтылып ғана қоймайды, достың риясыз қалпы іс жүзінде көрінді. Курстың бес жыл бойы старостасы болған, белгілі журналист әрі қоғам қайраткері Өлмесхан Болатбеков осы кітапты өзінің жеке қаржысына шығарып, курстастарына таратып берді. Жастық пен достықтың сыйы, міне осындай екен-ау.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ